Шығыс Қазақстан облысы Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мен сотталғандар су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу акциясын өткізуде

АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Шығыс Қазақстан облысы Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мен сотталғандар Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы су тасқындарынан зардап шеккендерді қолдау мақсатында бүгін қайырымдылық шарасын өткізіп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысы  Қылмыстық-атқару  жүйесінің  қызметкерлері   мен сотталғандар   су тасқынынан  зардап шеккендерге  көмектесу  акциясын  өткізуде

Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасынан хабарлады.

Басқарманың баспасөз хатшысы Еркен Қасымовтың айтуынша, облыстың пенитенциарлы жүйесінің қызметкерлері, «Еңбек-Өскемен» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысшылары су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш ауылы мен Тарбағатай ауданының ауылдарына көмектесу шарасын бірауыздан қолдап, арнайы есепшоттарға ақша аударды. «Еңбек-Өскемен» кәсіпорны сондай-ақ ұнмен де көмектеспек.

«Апат бөтендікі болмайды. Облыстың түзету мекемелеріндегі өндірістерде жұмыс істейтін көптеген сотталушылар да біркүндік жалақыларын аударып, шама-шарқынша көмек көрсетуге ниет білдіруде», деп атап көрсетті Е.Қасымов.