Шығыс Қазақстан облысы мен Алтай Республикасы туризмді бірлесіп дамытпақ
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Ресейдің Алтай Республикасының басшысы Александр Бердниковпен екі өңір арасында бірқатар саладағы әріптестікті нығайтуға уағдаласты. Меморандумға қол қою рәсімі Петропавлда өткен Қазақстан-Ресей Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы аясында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.
Аталған құжат Шығыс Қазақстан мен Алтай Республикасының сауда-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, ақпараттық, көліктік, сондай-ақ ауыл шаруашылығы салаларындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл туралы журналистерге берген сұхбатында аймақ басшысы Д.Ахметов мәлім етті.
«Алтай Республикасы мен Шығыс Қазақстан облысының ұқсас тұстары көп. Біздің мүдделеріміз де бірдей. Енді екі жаққа да көп пайда тигізетіндей іс-қимыл жоспарын әзірлеуіміз керек. Ең алдымен, алтайлық әріптестерімізбен тауар айналымымыздың мөлшерін арттыру жағын ойластыруымыз қажет. Бүгін кез келген мемлекеттің дамуына әсер ететін факторлардың бірі - туризм саласы. Бұл жағынан екі өңірдің де әлеуеті зор. Алдағы мақсатымыз шығысқазақстандықтар мен алтайлықтардың еш қиындықсыз шекара асып жүруіне жағдай жасау. Шығыс Қазақстан облысы да, Алтай Республикасы да қасиетті Алтай тауларының аумағында орналасқан. Сол себепті, «Алтай - ортақ үйіміз» және «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты жобаларды жүзеге асырудамыз. Болашақта Қазақстан және Ресей жерін басып өтетін жаңа туристік маршруттар ашуымыз керек», - деді облыс әкімі.
Даниал Ахметов сонымен қатар бүгінде Шығыста емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға бағытталған бағдарлама әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Өңірде оқиғалы туризм саласын өркендету жоспары бар екенін де хабарлады.
Өз кезегінде Алтай Республикасының басшысы ресейліктер қазақстандықтарға туризм саласында жан-жақты қызмет түрлерін көрсетуге әзір екенін жеткізді.
«Қазақстандық әріптестерімізбен байланысымыз мығым. Алтай сіздер үшін де, біз үшін де киелі мекен, қастерлі ұғым. Кезінде дәл осы Алтай жерінде Түркі қағанатының негізі қаланған болатын. Сондықтан бұл түркітілдес ұлттардың қай-қайсысы үшін де атажұрт деуге болады. Мұзтау тауын бір жартысы Шығыс Қазақстан облысына қарайды. Демек, шығысқазақстандықтармен мүддеміз де, құндылықтарымыз да бір», - деген Александр Бердников шығысқазақстандық инвесторларды әріптестікке шақырды.