Шығыс Қазақстан облысында қоқыс төгетін орын өртеніп жатыр

ГЛУБОКОЕ АУДАНЫ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстанда қоқыс төгетін орын орын тағы өртеніп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысында қоқыс төгетін орын өртеніп жатыр

Ведомствода кеше түнде сағат 22:12-де өрт сөндірушілерге Глубокое ауданының Опытное поле кентіндегі қоқыс тастайтын жерде 1 га аумақты қамтыған өрт болып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Жалынның бидай егістігін шарпу қаупі бар екені айтылған.

«Оқиға орнына №7 өрт сөндіру бөлімінің 12 қызметкері мен 5 өрт сөндіру көлігі жіберілді. Жалын сағат 5:15-те ауыздықталды. Қазіргі кезде өртпен күрес жүргізушілер оны толық жою жұмыстарын жалғастырып келеді», - деп түсіндірді ШҚО ТЖД-нен.

Қоқыс тастайтын орынның өртенуі мүмкін екі себеп қарастырылуда – бұл абайсыздықтан болған немесе әдейі өртеу.