Шығыс Қазақстан облысындағы гидротехникалық нысандардың жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді - Бас прокуратура
Бүгін журналистермен болған апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сәйкес, прокуратура органдары еліміздің су қоймаларындағы қауіпсіздік шаралары бойынша тиісті тексеру жүргізген. «Қызылағаштағы плотинаның жарылуына оны пайдалану барысындағы заңсыздықтардың себеп болғандығын ескере келе тексерулер барысында су қоймаларының иелерінің қауіпсіздік шараларын орындау барысына баса назар аударылды. Осыған қарай тексерулер кезінде көптеген заң бұзу әрекеттері анықталды. Мысалы, су қоймаларына жүргізілуі тиіс жөндеу жұмыстары уақытында жүзеге асырылмаған. Сонымен қатар қоймалардың жанында заңға қайшы су шаруашылығымен байланысты нысандар қойылған. Бұған қоса онда судың деңгейін бақылау шаралары талапқа сай жүзеге асырылмайды немесе судың мөлшерін өлшейтін арнайы құрылғылар қойылмаған», деді ресми өкіл.
Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, Алматы облысында шаруа қожалықтарының бірінің иесі Баймағамбетов «Жармұхамбет» су көзінде ауыл шаруашылығына пайдалану үшін қолдан арнайы бетон құрылғы орнатқан. Осыған орай аталмыш әрекет бойынша әкімшілік құқық бұзумен байланысты іс қозғалды. «Сондай-ақ «Ақешкі» су қоймасында арнайы су бекеттері қойылмаған және суды өлшейтін құралдар да жоқ. Бұндай заң бұзу әрекеттері еліміздің көптеген аймақтарына тән», деді Н.Сүйіндіков.