Шығыс Қазақстан облысының жолдарында үш күннің ішінде 800 автокөлік қар құрсауында қалып қойды

АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Шығыс Қазақстан облысының жолдарында үш күннің ішінде 800 автокөлік қардың құрсауында қалып қойды.

Шығыс Қазақстан облысының жолдарында үш күннің ішінде  800 автокөлік қар құрсауында қалып қойды

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО-дағы жағдайға тоқталған министр, «соңғы үш күнде 803 автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Оның ішінде 28 автобус бар», деді.

Ә. Құсайыновтың сөзіне қарағанда, ШҚО-да қар тазалайтын 157 арнайы техника жұмылдырылған.

Облыстағы республикалық жүйедегі 884 шақырым жолда немесе 25 пайызында қардың басуы 1-ден 3,5 метрге дейін жеткен. «Яғни, көктем өте қиын болмақ», деді министр.

Оның айтуынша, көктемгі су тасқынынан кейін бұл жолдарда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болады.