Шығыс Қазақстан тауларында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан тауларында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қар көшкінінің алдын алу шаралары «Өскемен-Самар» тасжолының 92-101 шақырымында жүргізілді.

«Құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары 4 жарылыс жасады. Жалпы 790 текше метр қар түсірілген. Алайда өңір бойынша қар көшкіні қаупі әлі де сақталып отыр. Халыққа тауға барған кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеміз», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстандағы 497 жол учаскесінде қар көшкіні жүруі мүмкін.

Әсіресе Өскемен-Самар, Өскемен-Алтай, Согорное-Барлық, Берел-Рахман қайнарлары, Зубовка-Путинцево және Лениногорск-Чекмарь кеніші тасжолдарының бойындағы учаскелер аса қауіпті.