Шығыс Қазақстанда 13,5 мыңға жуық адам онкологиялық есепте тұр

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 13,5 мыңға жуық адам онкологиялық сырқаттар бойынша есепте тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын елімізде онкологиялық сырқат 30 мыңға жуық адамнан анықталады. Бүгінде диспансерлік есепте 200 мың қазақстандық тұр, оның ішінде Шығыс Қазақстанның 13 444 тұрғыны бар.

Өткен жылы скринингтік тексерулермен облыстың 140 мыңнан астам тұрғыны қамтылды. Скринингтік бағдарламалар мен ерте диагностиканың маңыздылығы туралы ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығы директорының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Роман Нәлібаев айтып берді.

«Қазір қатерлі ісік үкім емес. Ең маңыздысы - дертті асқындырып, уақытты жіберіп алмау. Нәтиже ауру ерте сатысында анықталғанда ғана жақсы болады. Онкологиялық ауру күдігімен келген науқас көмек алу үшін ең алдымен, тіркелген жері бойынша өз емханасына баруы керек. Ондағы дәрігер 3-5 күн аралығында науқасты қабылдауға және оған барлық қажетті зерттеулерден тегін өтуге жолдама беруге міндетті, атап айтқанда ультрадыбыстық зерттеу, қан анализі, ісік маркерлері, КТ, МРТ жасау. Қажет болған жағдайда пациенттен биопсия алуы керек. Егер ол мұны істей алмаса, оны онкологиялық орталыққа жіберуі тиіс», - дейді ол.

Оның айтуынша, науқасқа 10 күн ішінде нақты диагноз қойылуы қажет. Осы ретте, Өскемен қаласының тұрғыны өз оқиғасымен бөлісті. 45 жастағы әйел адам ештеңеден күдіктенбеген, себебі ауру белгілері еш білінбеген. Скринингтің арқасында әйелде ісік ерте сатысында анықталды.

«Скрининг өмірімді сақтап қалды. Скринингтік тексеру аясында менде қатерлі ісік бірінші сатысында анықталды. Әрине, әуелі қатты қорқып кеттім. Бірақ онкологиялық орталықтың дәрігерлері өз жұмыстарына өте ұқыпты қарайды екен. Олар маған барлық көмекті көрсетіп, емделуіме бар жағдайды жасады», - дейді қала тұрғыны.


Соңғы жаңалықтар