Шығыс Қазақстанда 193 мыңға жуық адам Pfizer вакцинасын салдырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 193 мыңға жуық адам Pfizer вакцинасын салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда 193 мыңға жуық адам Pfizer вакцинасын салдырды

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде COVID-19 инфекциясына қарсы америкалық Pfizer вакцинасын салдыру науқаны жалғасуда.

«Аймақ бойынша аталған екпені 192 748 адам салдырды. Оның ішінде 12-18 жас аралығындағы 172 260 бала бар. Оларды вакциналау тек ата-анасының рұқсатымен жүргізілуде. Сондай-ақ 5382 жүкті және 15 106 бала емізетін әйел екпе алған», - делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, облыста 60 жастан асқан қарттар мен медицина қызметкерлері Pfizer екпесімен ревакцинациядан өтуде. Қазір осы санаттағы 12 340 адам үшінші рет вакцина алып отыр.