14:20, 05 Қазан 2010 | GMT +5
Шығыс Қазақстанда 210 гектар аумақты алған дала өрті жергілікті халықтың күшімен сөндірілді
ӨСКЕМЕН. Қазанның 5-і.ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Семей қаласынан үш жүз шақырым жерде орналасқан,
Ақдала елді мекенінің жанындағы Қараөлең ауылдық округінде өткен тәулікте ірі дала өрті ауыздықталды. 210 гектар аумақты шарпыған жалын жергілікті атқарушы билік пен ауыл адамдарының күшінің арқасында сөндірілді.
Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, облыстық өрт сөндіру және құтқару құралдары оқиға орнына шақырылмаған, жергілікті халық өртті өз күштерімен тоқтатқан. Өрттің басталуына абайсыздық себеп болуы мүмкін деген болжам бар.
ТЖД толықтырып өткендей, өткен күндер ішінде ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелері 8 өртті сөндірген. Аймақтағы өрт қаупі азайып келеді, өңірдегі ауа температурасы 2 градусқа дейін төмендеп, көптен күткен жаңбыр да жауған.