Шығыс Қазақстанда 338 дәрігер жетіспейді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –Шығыс Қазақстан облысында медициналық мамандардың тапшылығы сезілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі таңда өңірдегі қалалар мен аудандарда 338 дәрігер жетіспейді. Ақ халаттыларды аудандық ауруханаларда жұмыс істеуге ынталандыру үшін аймақ басшысы Даниал Ахметов қазірдің өзінде дәрігерлерге қанша үй бөлуге болатынын және қанша салу керектігін талдауға тапсырма берді.
«Бірінші сәуірге дейін қалалар мен аудандардың әкімдері, сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасы егжей-тегжейлі талдау нәтижесін ұсынуы тиіс. Бұл мәселені шешу керек. Облыста тұрғын үйлер салынып жатыр. Оның ішінде биыл, әсіресе аудандарда баспана құрылысы жақсы қарқынмен жалғасуда», - деді ол облыс әкімдігінің отырысында.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірде денсаулық сақтау саласындағы мамандарды тарту үшін барлық жағдай жасалуда. Жыл сайын дәрігерлер шетелге жіберіліп, біліктіліктерін арттырып жатыр.