Шығыс Қазақстанда 77 ауыл әкімі сайланады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 25 шілдеде аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда 77 ауыл әкімі сайланады

Шығыс Қазақстандағы қалалық және аудандық сайлау комиссиялары 25 шілде күні өтетін ауыл әкімдерінің сайлауына дайындық жүргізуде. Биыл өңірдегі 16 ауданда 77 ауыл әкімі сайланбақ.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Набиевтың айтуынша, тікелей сайлау өткізу Қазақстандағы сайлау жүйесінің дамуындағы маңызды қадам. Бұл аймақтық сайлау науқанын ұйымдастырудағы жаңа тәжірибе жинақтаудың бірден-бір мүмкіндігі.

«Бұрын ауылдық округ әкімдерін жергілікті мәслихат депутаттары сайлайтын еді. Енді нақты әкімшілік аумақтың халқы әкімдерді тікелей сайлай алады. Мұндай өзгерістің арқасында әкім өзі тұратын елді мекен жұртшылығының сенімі мен қолдауына ие болу үшін нәтижелі еңбек етуге талпынатын болады», - деді Ерсайын Набиев.