Шығыс Қазақстанда 85 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 85 мыңнан астам адам ЖРВИ-ге шалдыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша күзден бері 85 219 адам жіті респираторлы вирустық инфекциямен ауырған.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,8%-дан асады.
«ЖРВИ-ге шалдыққандардың 71%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ жүкті әйелдер арасында жіті респираторлық вирустық инфекцияның 294 жағдайы тіркелді. Науқастарды ауруханаға жатқызу көрсеткіші 0,8 пайызды құрайды», - дейді департамент басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін тұмауға қарсы вакциналар жыл сайын жергілікті бюджеттен сатып алынады.
Биыл қоймаға 75 мың доза вакцина жеткізіліп, 82 мыңнан астам адамға екпе салынды. Бұл - облыс халқының 11,4 пайызы.