Шығыс Қазақстанда Абай оқулары республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті
Байқауға барлығы 50-ден астам оқушы қатысты. Шараны ұйымдастырушылар - Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы мен «Дарын» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы ереже бойынша облыстың әр ауданы мен қаласынан үш үміткерден шақырды.
Дәстүрлі «Абай оқулары» байқауында оқушылар үш аталым бойынша: Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін мәнерлеп оқуда, осы авторлардың әндерін орындауда және өз өлеңдері мен музыкалық туындыларын орындауда сайысқа түсті.
Құрамына республикалық «Дарын» орталығының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен айтыскерлер кірген қазылар алқасы жастардың поэзияға, Абай мен Шәкәрімнің рухани мұраларына деген ынта-ықыластарының артып келе жатқанын атап көрсетті.
Абай оқуларының облыстық кезеңінің жеңімпаздары қыркүйектің 9-12-сінде Абай ауданындағы Абай-Шәкәрім мұражай кешенінде өтетін республикалық байқауға қатысады.