Шығыс Қазақстанда алдағы қос мерекеге орай 350-ге жуық іс-шара өтеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қалай аталып өтілетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Шығыс Қазақстанда алдағы қос мерекеге орай барлық қала, ауданда 342 шара өткізілмек. Бұл туралы ШҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанат Мекеева мәлім етті.

«7 мамыр - Отан қорғаушылар күні аясында 151 шара ұйымдастырылады. Оның ішінде мерекелік концерттер, әскери-патриоттық шаралар, әскери бөлімдерде Ашық есік күндері, түрлі акциялар мен челлендждер бар. Сондай-ақ облыстың барлық мектебінде «Ерлік сабақтары» өткізіледі», - дейді ол.

7 мамырда Өскемендегі Даңқ мемориалында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының шеруі жоспарланған.

«Жеңіс күнінде өңір бойынша 190-нан астам шара өтіп, 24 мыңнан астам адам қамтылады. Алдағы мерекелердің басты құндылығы мен маңызы – өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, отансүйгіштікке баулу. ҰОС ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Олар үшін 23 атаулы шара, оның ішінде «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы ұйымдастырылады», - дейді Ж.Мекеева.

9 мамырда Өскеменде таңертең Даңқ мемориалына гүл шоқтары қойылып, сағат 18.00-де кешкі концерт, ал сағат 21.00-де шамдар жағылып, еске алу акциясы өткізіледі. 22.00-де отшашу атылады.


Соңғы жаңалықтар