Шығыс Қазақстанда Алғыс айту күніне орай 100-ге жуық шара өтеді
ШҚО Қоғамдық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, Алғыс айту күніне орай өңірдегі барлық қала, ауданда және достық үйлерінде 96 шара өткізілмек. Оның ішінде ауқымды акциялар, концерттер мен челлендждер бар.
«Бұл мерекені атап өтуде қайырымдылық акцияларының маңызы зор. Облыста бұл шаралар «Қамқорлық», «Қарттарды ардақтайық!», «Алғыс айту-парызым» ұрандарымен өтеді. Соның аясында Шығыс Қазақстанның дамуына үлес қосқан, түрлі салада талай жыл жұмыс істеп келе жатқан азаматтардың бейнесін халыққа таныстыруға ерекше назар аударылады», - дейді басқарма басшысы Жанат Мекеева.
Оның айтуынша, 22 ақпаннан бастап әлеуметтік желілерде «Алғысымыз шексіз» және «Біздің арамыздағы батырлар» челлендждері іске қосылды. Мерекені осындай форматта өткізу қазақстандықтарды еңбек құндылықтарына, өзара көмек пен азаматтық жауапкершілікке баулуға мүмкіндік береді.