Шығыс Қазақстанда ауаны ластайтын кәсіпорындарға арнайы датчик орнатылады

ӨСКЕМЕН ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл ауаны ластайтын кәсіпорындарға арнайы датчиктер орнатыла бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда ауаны ластайтын кәсіпорындарға арнайы датчик орнатылады

ШҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде ауаны ластайтын ірі кәсіпорындарға зиянды шығарындыларды автоматты бақылау жүйесі осы жылдан бастап орнатылады.

«Бұл жүйенің арқасында кәсіпорындардың шығарындыларын нақты уақыт режимінде бақылап отыруға болады. «Казцинк» ЖШС үшін жабдықтар «Corporate Business Systems» ЖШС өндірістік базасында құрастырылды. Енді шілде айының соңына дейін «Казцинктің» қоймасына жеткізіледі. «Өскемен жылу электр орталығы» ЖШС-ге «Атриум СтройИнвест» ЖШС-мен келісім бойынша жеткізіледі. Аталған екі кәсіпорында жаңа жүйе биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған», - дейді департамент басшысы Данияр Әлиев.

«Риддер ЖЭО» АҚ да осындай жүйеден тыс қалмайды. Орталыққа жабдықтар келесі жылдың ақпан-наурыз айларында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.