Шығыс Қазақстанда Азия чемпионатына дайындық қызу жүргізілуде

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде алдағы уақытта волейбол ойындарынан әйелдер арасында өткізілетін халықаралық  Азия чемпионатына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шығыс Қазақстанда Азия чемпионатына дайындық қызу жүргізілуде

Арнайы мамандар ірі спорттық  жарысты өткізілетін Спорт сарайын материалдық-техникалық жабдықтау  жұмыстарымен айналысып жатыр.

Өңір басшысы Даниал Ахметов мамандар мұзды ерітіп, арнайы жабындыны төсеп үлгерген турнир өткізілетін  негізгі спорт нысанындағы дайындық жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ бұл жерде жарық құралдары ауыстырылып, зал сырланды, автокөлік тұрағына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа заманауи экран орнатылды.  

Облыстың бас спорт ғимаратына бір сәтте 4 мыңға жуық көрермен сыйып кетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа кіру тегін.

Еске сала кетейік, 25-31 мамыр күндері Шығыс Қазақстан облысы орталығында Азия континентіндегі үздік спортшылардың қатысуымен волейболдан халықаралық Азия чемпионаты өткізіледі. 8 команда қатысатын жарыста  2017 жылғы республикалық турнирде жеңімпаз атанған шығыс қазақстандық «Алтай» волейбол командасы Қазақстанның намысын қорғамақшы.