Шығыс Қазақстанда Балалар жылына орай 130-ға жуық шара өтті

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Балалар жылына орай 130-ға жуық шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде биылғы Балалар жылына орай 129 шара өткен. Сол шараларда 18 жасқа дейінгі 181 266 бала қамтылды. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева мәлім етті.

«Білімді бала» жобасы аясында 67 шара ұйымдастырылған. «Отбасы – қауіпсіз мекен» жобасы шеңберінде «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы өткізіліп, онда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 6 794 баланың хатқа жазған тілектері орындалды. «Мектепке жол» акциясы аясында кәсіпкерлер мен меценаттардың қолдауымен 50 миллион теңгеден астам қаржыға 6 415 оқушы оқу құралдарымен қамтамасыз етілді», - дейді ол.

Оның айтуынша, биылдан бастап облыстық балалар құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді. Сол арқылы балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуын жақсарту үшін жұмыс істелмек.

«Шығыс Қазақстанда үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толығымен шешілді. 2025 жылға дейін 7570 орындық 20 жаңа мектеп салынады. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4200 орындық 10 мектеп салу жоспарлануда. Биыл 2 мектеп пайдалануға берілген. 111 орындық «Ғажайыптар әлемі» арнайы мектеп-балабақша кешені ашылды», - дейді Инесса Чернышева.


Соңғы жаңалықтар