Шығыс Қазақстанда бір күнде 26 дала өрті тіркелді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бір күнде 26 дала өрті тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы бір тәулік ішінде өңір бойынша 26 дала өрті тіркелген. Көп жағдайда өрт ашық алаңда, саяжайлар маңында болды. Өрттің шығу себебі – азаматтардың отты абайсыз қолдануы.

«Құтқарушылар Алтай ауданындағы жалпы ауданы 28 гектар, Көкпекті ауданындағы 25 гектар, Үржар ауданындағы 20 гектар және Тарбағатай ауданындағы 20 гектар аумақтағы шөп пен қамысты шарпыған өртті ауыздықтады. Ғарыштан жасалатын мониторингтің көмегімен департамент қызметкерлері биыл 222 термонүктені анықтады. Осының нәтижесінде, сол жерлерде өрттің ары қарай таралуына жол берілмей, дереу сөндірілді», - делінген ақпаратта.

Облыста тілсіз жаудың алдын алу үшін құрамына құтқарушылар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен полицейлер кіретін мобильді топтар құрылған. Жыл басынан бері олар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, шөп өртегені үшін 11 адамды жауапқа тартты. Салынған айыппұлдың жалпы мөлшері – 336 930 теңгені құрайды.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 47 көлік өртенгенін хабарлаған едік .


Соңғы жаңалықтар