Шығыс Қазақстанда бір жылда жол-көлік оқиғалары 27,5%-ға азайды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бір жылда жол-көлік оқиғалары 27,5%-ға азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің бастығы Серік Жүнісбековтің төрағалығымен ұжымның қорытынды жиналысы өтті. Онда 2022 жылдың қорытындысы шығарылып, биылға қойылған негізгі міндеттер талқыланды.
«Өңір бойынша қылмыс саны 20,5%-ға төмендеп отыр. Өткен жылы есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың нәтижесінде, құқық қорғау органдары 142 есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан 105 келі есірткі тәркіленген. Соңғы бір жылда ШҚО-да жол-көлік оқиғаларының төмендегені байқалды. Нақты айтқанда, 2021 жылмен салыстырғанда 27,5%-ға азайған», - дейді Серік Жүнісбеков.
Оның айтуынша, жұмыстағы негізгі бағыт – азаматтардың қауіпсіздігі мен халықтың полицияға деген сенімін арттыру.
Кеңес соңында жеке құрамға жедел қызметтік жұмыс көрсеткіштерін жақсарту бойынша нақты міндеттер қойылды.