Шығыс Қазақстанда биыл 200-ге жуық орман өрті тіркелді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өрт қаупі жоғары кезеңді қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда биыл 200-ге жуық орман өрті тіркелді

ШҚО ақпарат орталығында өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Серік Амангелдин өрт қаупі жоғары кезеңді қорытындылап өтті.

«Өңір аумағында жыл басынан бері 194 орман өрті тіркелді. Тілсіз жау 669 гектар орман алқабын шарпыған. Сондай-ақ 490 гектар алаңда 7 дала өрті болған. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғау күштері, жергілікті полиция қызметі, орманшылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен тұратын 69 мобильді топ жұмыс істеді. Олар 1967 рейдке шығып, қауіпсіздігі талаптарын бұзған 265 адамды жауапқа тартты», - деді ол.

Департаменті қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабы (Өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинау және жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау) бойынша 261 әкімшілік материал толтырған.

Сондай-ақ түсіндіру жұмысын жүргізу мақсатында 2443 адам қатысқан 308 дөңгелек үстел өткізілді.