Шығыс Қазақстанда биыл 32 көлік өртенді
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде биыл 32 автокөлік отқа оранған. Соңғы оқиға Өскемендегі Целинная көшесінде болды.
«Тұрақта тоқтап тұрған «Toyota RAV 4» маркалы көліктен өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Сол кезде кабинаны, салонды, қозғалтқыш бөлігін, аспаптар панелі мен дөңгелектердің шиналары жанып кетті», - делінген ақпаратта.
Көп ұзамай аумағы 6 шаршы метрді құраған тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Алдын ала дерек бойынша оттың шығуына қауіптілігі жоғары агрегатпен жұмыс атқару кезіндегі кемшілік болған.
Осы ретте, ТЖД қызметкерлері автокөлік иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды еске салды:
- Көлікті техникалық тексеруден уақытылы өткізіңіз.
- Көлік салонында әрқашан екі литрлі ұнтақты өрт сөндіргіш болуы керек. Оның жарамдылық мерзімін тексеріңіз.
- Барлық электр жабдығының жарамдылығын бақылаңыз.
- Мотор бөлігінде бөгде, тез тұтанатын заттарды, шүберектерді, картондарды сақтамаңыз.
- Жанар-жағармайды тек герметикалық ыдыстарда тасымалдауға болады.