Шығыс Қазақстанда бюджет қаражаты 99,7 пайызға игерілген
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстанда бюджеттің шығыс бөлігі 99,7 пайызға орындалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінен хабарланғандай, облыстық бюджетте пайдаланылмаған қаражаттың 410,6 млн теңге көлемінде қалдығы бар. Сонымен бірге, бірқатар аудандар мен облыс орталығы 6,4 млн теңге көлемінде ақшаны игеріп үлгермеген. Аймақтың қаржы басқармасының берген мәліметіне сәйкес, оған жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруға арналған грант ережелерінің бекітілмеуі, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу тұрғысында болмай қалған конкурстар себеп болып отыр.
Аталып өткендей, жергілікті бюджетке 346,1 млн теңге қайтарылған. Облыс әкімдігінде бірқатар басқармалардың басшылары түсіндіргендей, орындалған жұмыстар, тауарды жеткізу туралы құжаттардың болмауы, мемлекеттік сатып алу бойынша болмай қалған конкурстар мен сот өндірістері салдарынан 41,9 млн теңге игерілмей қалған.
«Конкурстық процедуралар екінші жартыжылдықта да қаражатты игеру мәселесіне ықпалын тигізуі мүмкін. Мәселен, Семейге жақын Ақсай кентіндегі су құбыры құрылысына қатысты конкурс шілдеде ғана жарияланатын болады. Сонымен бірге, өңірде жалпы құны 2,7 млрд теңгеге 17 жоспар бойынша конкурстық процедуралар әлі де жалғасын тауып жатыр. Жалпы, жылдың соңына дейін облыс бойынша 192,7 млрд теңгені игеру көзделген», - дейді Шығыс Қазақстан облыстық қаржы басқармасының басшысы Ләзизә Кенжетаева.
Өз кезегінде аймақ басшысының орынбасары Ерлан Аймұқашев жауаптыларға 15 тамызға дейін уақтылы конкурстарды өткізу керектігін ескертті.
«Оны созбақтаудың қажеті жоқ. Жергілікті бюджеттердің кірісі бойынша жылдық болжамды орындау тұрғысында уақтылы әрі қаржының игерілмеуі тәуекелдеріне қатысты шараларды қабылдау керек», - дейді ол.