Шығыс Қазақстанда екі жеңіл көлік мұз астына түсіп кете жаздады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысындағы «Қызыл ту» паром өткелі маңында УАЗ-3909 және «Лада Гранта» автокөліктері жартылай суға батты.
Көмекке келген құтқарушылар адам шығының алдын алды. Алайда бір машина әлі де мұз астына кетуі мүмкін, әзірге оны бөренелер ұстап тұр. Оқиғаның себебі мұз үстінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау болып отыр - мұз әдеттегі нормадан екі есе жұқа, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Шығыс аймақтық аэромобильді жедел құтқару жасағы (ШААЖҚЖ).
ШААЖҚЖ мамандары өлшем жүргізіп, мұз қалыңдығының 15-18 сантиметрден аспайтынын анықтады. Жеңіл көлік үшін мұз қалыңдығы 25 см кем болмауы тиіс, ал жүк көліктері өту үшін 45 см-ден кем болмауы тиіс.
«Қысқы уақытта облыс суларындағы адам өмірін сақтау көрсеткіштері үлкен қауіп тудыруда. Мұз үстіндегі оқиғаның жауапты тұлғалар тарапынан қадағаланбауы және көлік жүргізушілерінің тәртіпті бұзуы жыл сайын судағы төтенше оқиғаларға әкеп соғады. Балықшыларға, жүк тасымалдаушыларға және еш қорқынышсыз мұз арқылы жолын қысқартқысы келген жолаушыларға мұздың әлі қатпағаны туралы міндетті түрде ескерту қажет», - деді ШААЖҚЖ бас құтқарушысы Анатолий Рожков.
ТЖ департаменті паром өткелінің жұмыс істеп тұрғанын тағы да еске салды және баса айтты. Жергілікті атқару органдары мұз өткелдерін әзірлеген соң ғана, қатқан су бетінен өтуге рұқсат етіледі.