Шығыс Қазақстанда иіс тиіп уланған екі адам ауруханаға жеткізілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында пештегі ақау салдарынан екі адамға иіс тиді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда иіс тиіп уланған екі адам ауруханаға жеткізілді

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 24 сәуірде Ұлан ауданындағы Белая гора кентінде болған.

Пештегі ақау салдарынан, нақты айтқанда уақытылы тазартылмаған мұржадан 38 жастағы үй иесі мен оның 42 жастағы туған ағасына иіс тиген.

Қазіргі уақытта екеуі де ауруханаға жатқызылды.

«ТЖД қызметкерлерінің тұрақты ескертулеріне қарамастан осындай жағдайлар жиі болып жатады. Тұрғындар үйлеріндегі қауіпсіздіктің тек олардың жауапкершілігінде екенін түсінуі керек. Үй иелерінің әрқайсысы өз мұржасын тазалап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтамайынша оқыс оқиғалар азаймайды», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, құтқарушылар пешті 3 айда кемінде 1 рет тазалау қажеттігін, жанып жатқан пешті қараусыз қалдырмауды, пешті жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға болмайтынын ескертті.