Шығыс Қазақстанда қар көшкіні қаупіне байланысты жабылған жол ашылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні жүру қаупіне байланысты жабылған жол қайта ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда қар көшкіні қаупіне байланысты жабылған жол ашылды

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде кеше қар көшкіні түсуі ықтималдығына байланысты жабылған жол бүгін қайта ашылды.

«Республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолының 6-166 шақырымында (Ушанов ауылы мен Алтай қаласының аралығы) көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа рұқсат берілді. Облыс жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес береміз», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында қыс басталғалы бері 89 қар көшкіні түсірілгені хабарланған.