Шығыс Қазақстанда қар көшкіні түсірілді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қар көшкінінің алдын алу шарасы «Өскемен-Тарғын» тасжолының учаскесінде жүргізілді.
«Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары мен құтқарушылар тау бөктерінде 2 жарылыс жасады. Соның нәтижесінде 3000 текше метр қар түсірілді. Қар жолды толықтай жауып қалды. Көп ұзамай жол қардан толықтай тазартылды», - делінген ақпаратта.
Шығыс Қазақстанда қыс басталғалы бері 64 рет тауда жарылыс жұмыстары жүргізіліп, 256 110 текше метр қар түсірілген.
Осы ретте, ТЖД қызметкерлері өңір халқына қар көшкіні қаупі әлі де сақталатындықтан таулы жерлерге бармауға кеңес берді.
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі