Шығыс Қазақстанда қар көшкінінің алдын алу үшін 2 жарылыс жасалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда қар көшкінінің алдын алу үшін 2 жарылыс жасалды

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары жүргізген мониторингтен кейін көшкін қаупі бар тау бөктерінде қардың мол жиналғаны белгілі болды.

«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Өскемен-Алтай» тасжолында жасанды жолмен қар түсіру жайлы шешім қабылданды. Тауда 2 жарылыс жасалып, соның нәтижесінде 2050 текше метр қар түсірілді. Қар жолды толықтай жауып қалды. Бірден қарды тазалау жұмыстары жүргізілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда барлығы қар көшкіні жүруі мүмкін 497 учаске бар, оның ішінде 325-інде қауіп жоғары.

Қыс басталғалы бері құтқарушылар қар көшкіні жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізуде.


Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі