Шығыс Қазақстанда карантин талабы 26 мәрте бұзылған
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында шектеу шараларын бұзудың 26 фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде арнайы құрылған мониторингілік топтар шектеу шараларының сақталуын қадағалау үшін қоғамдық көліктерде, дүкендерде, дәріханалар мен басқа да мекемелерде күн сайын рейд жүргізуде.
«14 наурызда Өскеменде 205 объекті тексерілді. Нәтижесінде карантин талаптарын бұзудың 11 фактісі тіркелген. Семейде жүргізілген рейдтер барысында 228 нысан қамтылған. Тексерулер кезінде 15 бұзушылық тіркелді. Оның ішінде сауда үйлерінде, базарларда маска тақпағандар болды», - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.
Осы ретте, мониторингілік топ өкілдері өңір тұрғындарына карантин талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Естеріңізге сала кетсек, 13 наурызда Шығыс Қазақстанда шектеу шараларын сақтамағандарға 1 млн теңгеден астам айыппұл салынғаны хабарланған.