Шығыс Қазақстанда колонияға есірткі өткізбек болған азамат ұсталды
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Бүгін түнде Шығыс Қазақстанда колония аумағына есірткі лақтыру әрекеті үстінде бір азамат ұсталды. Тексеру барысында әлгі азаматтың 2008 жылы түрмеден шыққаны анықталды,
деп хабарлады Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінен.
Комитеттің режим басқармасының бастығы Ренат Қабиевтің айтуынша, есірткі тасымалдаушыны қолға түсіру операциясын бүгін түнде сағат екілер шамасында Жарма ауданының полицейлері бірлесіп жүзеге асырған. Сот-химиялық сараптама екі полиэтилен қапшыққа салынған заттың салмағы 1 келідей марихуана екенін қуаттады.
Жылдың басынан бері республика бойынша түзету мекемелеріне есірткі жеткізу әрекеттерінің жолдарын кесу барысында 26 келіден астам түрлі есірткі тәркіленіп, 106 қылмыстық іс қозғалған.