Шығыс Қазақстанда мәслихат депутаттығына 748 үміткер тіркелді
Өңірде сайлау комиссияларына барлығы 78 партиялық тізім және 5 саяси партиядан 771 кандидат ұсынылған.
Үміткерлерден келіп түскен өтінішке байланысты 23 адам денсаулық жағдайы және басқа да себептер бойынша өз кандидатурасын алып тастады.
«Шығыс Қазақстан облысы бойынша үміткер ретінде 748 адам тіркелді. Атап айтсақ, партиялық тізімдер «Nur Otan» партиясынан – 542, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 88, «ADAL» саяси партиясынан – 53, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 41, «Қазақстанның Халық партиясынан» – 24 кандидат тіркеліп отыр», - деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алканова.
Облыс мәслихатына барлығы 4 саяси партияның тізімі беріліп, 104 кандидат ұсынылған.
Қалалық мәслихаттарға – 5 партиядан 172 үміткер, аудандық мәслихаттарға – 5 партиядан 495 кандидат.
Партиялық тізімге 370 әйел мен 29 жасқа дейінгі азаматтар тіркеліп, 30 пайыздық квота сақталып отыр.