Шығыс Қазақстанда орманда шыққан өрт бір күннен кейін ауыздықталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында орманда шыққан өрт бір күннен кейін ауыздықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда орманда шыққан өрт бір күннен кейін ауыздықталды
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 1 тамыз күні Ұлан ауданы Асубұлақ орман шаруашылығы аумағындағы Белогорск орманшылығында өрт шыққан.

Қызыл жалын шөп, бұта мен ағаштарды шарпыды. Оқиға орнына жеткен орманшылар мен өрт сөндірушілер отты өшіруге кірісті. Жан-жаққа жылдам жайыла бастаған «тілсіз жаумен» күресу оңай болған жоқ.

«Бірлескен іс-қимылдың арқасында 2 тамыз сағат 19.30 шамасында жалпы ауданы 3,9 гектар өрт ауыздықталды. Өртпен күреске жеке құрамнан 28 адам және 7 техника жұмылдырылды», - делінген ақпаратта.