Шығыс Қазақстанда ПТР анықтамасы жоқ 49 жолаушы ұшаққа отырғызылмады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында 49 жолаушы ПТР анықтамасы болмағандықтан Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына қатынайтын ұшақтарға отырғызылмады. Бұл жайында көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда ПТР анықтамасы жоқ 49 жолаушы ұшаққа отырғызылмады

Оның дерегінше, 2 қараша күні Шығыс Қазақстан облысынан Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары бағытында ПТР анықтамасы бар 385 жолаушы ұшып кетті.

«Өскемен мен Семей әуежайларында Нұр-Сұлтан әуе рейсіне ПТР анықтамасы 33 адам жіберілген жоқ. Олардың екеуінде анықтаманың жарамдылық мерзімі өтіп кетсек, 31-інде мүлдем анықтама болмаған. Ал Алматы әуе рейсіне Өскемен мен Семей қаласының әуежайынан 11 адам ПТР анықтамасы болмағандықтан ұшаққа отырғызылмады. Сонымен қатар Өскеменнен Шымкент бағытындағы әуе рейсіне ПТР анықтамасы жоқ 5 адам жіберілмеді», - дейді Садуақас Байғабылов.

Естеріңізге сала кетейік, 2 қарашадан бастап Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 бойынша жаңа шектеу шаралары енгізілді. Оған сәйкес, ШҚО-дан әуе немесе темір жол көлігімен басқа өңірлерге сапарлайтын барлық жолаушыларда ПТР сараптамасын тапсырғаны және оның теріс нәтижесі көрсетілген анықтамасы болуы тиіс.