Шығыс Қазақстанда шаруа қожалығында 500 тонна пішен жанып кетті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы шаруа қожалығында 500 тонна пішен жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ұлан ауданындағы шаруа қожалығында ашық алаңға жиналған пішен отқа оранған.
«Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. ТЖД мен жергілікті атқарушы орган тарапынан 14 адам мен 6 техника тартылған. Барлығы 500 тонна пішен жанып кетті», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта жалынның нақты неден шыққаны белгісіз. Департамент қызметкерлері соны анықтау үшін тиісті шараларды жүргізуде.

Осы ретте, құтқарушылар көп жағдайда пішен өртенуіне не себеп болатындығын айтты.
«Ұзақ жылдық тәжірибе көрсеткендей, малдың жем-шөбі қоршалмаған жерлерге және электр желілерінің астына жиналып жатады. Соның салдарынан өрт шығып, адамның көп күндік еңбегін әп-сәтте жояды. Пішен өте жылдам өртенеді. Сол үшін үнемі маңайда өрт сөндіргіш құрал болуы тиіс. Пішен электр желілеріне 15 метр, ғимараттар мен құрылыстарға дейін кемінде 50 метр қашықтықта орналасуы қажет», - деп ескертті ведомство өкілдері.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да биыл шөп аз өсіп, шаруалар жем-шөптің құны айтарлықтай қымбаттап кеткеніне шағымданғанын жазған едік.
