Шығыс Қазақстанда шомылу маусымына дайындық мәселесі талқыланды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия екі мәселені, атап айтсақ орман алқаптарындағы өрт және шомылу маусымына дайындық мәселесін талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Күн ыситын маусымға ТЖ қызметінің дайындығы мәселесі облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың қатысуымен өткен жиында талқыланды. Шығыс Қазақстан ТЖД басшысының орынбасары Амангелді Шегетаевтың сөзіне қарағанда, өңірде жергілікті әкімдіктердің есебінен қаржыландырылатын 59 өрт кенті бар, алайда оның 12-сі жұмыс жасамайды екен.
Сондай-ақ комиссия ерікті өрт сөндірушілерді арнайы орталықтарда дайындау мәселесін де көтерді.
Бүгінгі уақытта 10 орман және 1 дала өрті тіркелді. Алайда өңірде ыстық ауа райының бірнеше күн қатарынан сақталуы ТЖ қызметінің жұмысын жеңілдете қоймасы анық. Өрттің шығу ошақтары ғарыштық мониторинг деректері арқылы тұрақты бақылауда болады.
Сондай-ақ комиссия жаңа шомылу маусымына дайындық мәселесін күн тәртібіне шығарды. Жиында аталған мәселе бойынша сөз алған ШҚО ТЖҚ бастығының орынбасары Александр Ломыгин демалыс орындары анықтау және көпшілік шомылатын орындардағы акватория түбін тазалау жұмыстарының жүргізілгендігін айтты.
«Жабдықталмаған, рұқсат берілмеген аумақтарда шомылу негізгі және қауіпті проблемалардың бірі. Өңірде арнайы 339 демалыс орны бар, оның 3-еуі қалалық, 311- жеке жағажайлар. Ал қалған орындар арнайы дайындықтан өткізілмеген және рұқсат етілмеген орындар»,- деді А. Ломыгин.