Шығыс Қазақстанда суға кете жаздаған алты адам құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында Ертіс өзеніне жақын Курчатов қаласының тұсында бір әйел суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстан облысыың Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстанда суға кете жаздаған алты адам құтқарылды

Ведомствоның хабарлауынша, 7 адам Бесқарағай ауданы Грачи ауылына Ертіс өзенінде қайықпен қайтып келе жатқан.

«Әйелдер азық-түлік алып, 16 және 13 жастағы балаларымен үйіне қайтып келе жатқан. Оларды металл қайықта ер адам тасымалдаған. Алайда жол ортасында қиындықтар туындаған болуы керек. Қайық үстіндегі адамдар суға түсіп кетіп, бата бастаған. Қазіргі уақытта осы жағдайдың себептері анықталып жатыр», - делінген хабарламада.

Суға батып бара жатқандарды жергілікті тұрғындар көріп қалыпты. Олар бірден «102» нөміріне хабар берген көрінеді. Өз кезегінде тәртіп сақшылары бірден құтқарушыларға хабарласқан.

«Бұл жағдай жағадан 15-20 метр қашықтықта болған. Батып бара жатқан адамдардың жан ұшырған дауысын Грачи ауылының тұрғындары естіп қалыпты. Олар қайыққа отыра қап, көмекке ұмтылған. Нұрлыжан Қожахметов біршама қашықтықты жүзіп өтіп, адамдарды жағаға жеткізген. Өзеннен үш әйелді жергілікті тұрғындар алып шықты. 1980 жылы туған тағы бір әйелді құтқару мүмкін болмады», - дейді Курчатов ТЖБ бастығының міндетін атқарушы Олжас Саптанбаев.

Арада уақыт өткеннен кейін өрт сөндіру қызметкерлері оқиға орнына жетіп, бір шақырым жерден суға кеткен 38 жастағы әйелдің денесін тауып алды.

Қатты тоңып қалған зардап шегушілер Курчатов қаласының ауруханасына жеткізілген. Олардың бәрі де бір-біріне туыс болып шықты. Екі бала, үш әйел мен бір ер адам дәрігерлердің бақылауына алынған.

Фото: kaluganews.com