Шығыс Қазақстанда табиғат қорғау саласында 4 қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Шығыс Қазақстан облыстық табиғатты қорғау саласының полицейлері аңшылық жасауға тыйым салынған уақытта сібір еліктерін атып жүрген жергілікті тұрғындардың бірін ұстады.

Шығыс Қазақстанда табиғат қорғау саласында 4 қылмыстық іс қозғалды

Аталмыш әрекеттен мемлекетке келген шығын 140 мың теңгені құрады. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның деректері бойынша, аталмыш аймақта жыл басынан бері заңсыз аң мен балық аулау, заңсыз ағаш кесу әрекеттері бойынша 4 қылмыстық іс қозғалған. Ал республика бойынша 2009 жыл бойына заңсыз аң аулаудың 2 мың фактісі орын алып, 105 қылмыстық іс қозғалған. «Аң аулау тәртібін бұзғаны үшін 2 мың 205 азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Браконьерлерден аңшылықпен айналысуға арналған 897 құрал тәркіленді. Олардың 1 мың 67-сі - атыс қаруы», деді департамент бастығы.