Шығыс Қазақстанда тұмаумен ауырған балалар саны артты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қазан айынан бастап жіті респираторлық вирус инфекциясын жұқтырғандар саны артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда тұмаумен ауырған балалар саны артты

Бұл жайлы ШҚО денсаулық сақтау басқармасының Семей қаласы бойынша бас педиатры Мәдениет Дайрабаева мәлім етті.

«Өткен айдан бастап өңірде ЖРВИ-мен ауырғандар саны өсті. Аурудың жартысанан көбі 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Облыс бойынша науқастарға арналған 586 төсек-орын бар. Оның 352-і – педиатриялық, 234-і – инфекциялық. Қараша айының басында Семейде тыныс алу жүйесіндегі ауруға шалдыққан балаларға төсек қорының жетіспеушілігі сезілді. Ауруханаларға әсіресе 1 жасқа дейінгі балалар көп түсіп жатыр», - деді ол.

Эпидемиологиялық жағдайға орай ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен қосымша 50 төсек-орын ашылған.

Онда балалар жас шамасына байланысты бөлініп жатқызылуда.

«Семей қаласындағы «Венера» медициналық мекемесінде ЖРВИ және пневмония асқынған 2 жасқа дейінгі балаларды жатқызу үшін 30 төсек-орын дайындалды. Сонымен қатар Семейдегі №2 қалалық ауруханада 2 жастан 18 жасқа дейінгі 20 бала орналасады», - деді Мәдениет Дайрабаева.