Шығыс Қазақстанда вакцина салдырғандар саны 900 мыңға жуықтады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 900 мыңға жуық адамды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда вакцина салдырғандар саны 900 мыңға жуықтады

ШҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша COVID-19 инфекциясына қарсы екпе салдырғандар саны күн санап артып келеді.

Бүгінгі таңда вакцинаның I компонентін - 890 358 адам, II компонентін - 827 664 адам салдырды.

«Қазірде облыстың медициналық мекемелерінде екпенің бірінші компонентінің 15 117 дозасы, екінші компонентінің 32 738 дозасы қалды. Тұрғындарға вакцинаның 3 түрі салынып жатыр. Атап айтқанда, Спутник V, QazVac, және Sinopharm. Жалпы аймақ бойынша вакцинациялау жоспары 901 080 адамды құрайды», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, соңғы тәулікте Шығыс Қазақстанда 77 адам коронавирус жұқтырған.