Шығыс Қазақстанда жаңа көпірлердің құрылысына қанша қаражат керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасының үстімен өтетін көпір «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынатын болды. Бұл туралы өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовқа сілтеме жасап altaynews.kz сайты хабарлады.
«Ш.Бұқтұғұтовтың айтуынша, Еуропа қайта құру және даму банкі бұл жобаны тиімсіз деп тауып, қаржы құюдан тартынып отырса керек», - деп жазады сайт.
Көптен бері айтылып келе жатқан көпір құрылысы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.
«Бұл көпір «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынады. Жоба құны - 37,4 млрд. теңге. Мемлекет оған ортақ қаржыландырушы ретінде кіреді», - деді ол.
Ал Өскемендегі Виноградов көшесін Өскемен-Таврия тасжолымен Ертіс арқылы тікелей жалғайтын көпір құрылысына 62,1 млрд. теңгенің инвестициясы қажет. Дәл осы жобаға еуропалық банк қызығушылық танытып отыр.