Шығыс Қазақстанда жасанды жолмен қар түсірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда жасанды жолмен қар түсірілді

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 11 ақпанда қар көшкінінің алдын алу шаралары «Өскемен-Самар» тасжолының 95-102 шақырымында жүргізілді.

«Өңірдегі құбылмалы ауа райы мен желдің күшеюіне байланысты аталған жол учаскесінде көшкін жүру қаупі арта түскен. Соған орай жасанды жолмен 3840 текше метр қар түсірілді. Тасжолдың 101-шақырымында түсірілген 1800 текше метр қар жолды жартылай жауып қалған. «ОблШығысЖол» қызметкерлері бірден қарды тазалап, жолды ашты», - делінген хабарламада.

Осы ретте, ведомство өкілдері өңір тұрғындарына таулы жерлерге бармауға кеңес береді.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда 11-14 ақпанда көшкін жүру қаупі бар. https://kaz.inform.kz/news/shko-da-osy-aptanyn-sonyna-deyin-kar-koshkini-zhuru-kaupi-bar_a3751904