Шығыс Қазақстанда жазда қайда демалуға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде жазғы демалысты қызықты да денсаулыққа пайдалы өткізу үшін шетелге барудың қажеті жоқ. Бір Шығыс Қазақстан облысының аумағында көптеген тамаша демалыс базалары мен кешендері, жағажайлар жетерлік. Аltaynews.kz сайтының тілшісі жаз мерзімінде аса танымал демалыс орындары туралы толық мәліметтер ұсынуға тырысқан.

Шығыс Қазақстанда жазда қайда демалуға болады

Алакөл

Биыл Алакөлде демалушылар саны жылдағыдан арта түспек. Себебі бұл демалыс орны жаңартылып, түрлі қызмет түрлері пайда болды. Одан бөлек те көптеген жағымды жаңалықтармен қуанта алады.

Мұндағы табиғат тұщы көлімен, таза ауасымен, тамаша жағажайларымен және суының емдік қасиетімен танымал. Алакөлдегі демалыс базаларында балалардың ойын алаңдары, балалар бассейні, спорттық ойындар, би кештері, экскурсия, балық аулау, монша, сауна, су аттракциондары, курорттық-санаторийлік ем-шаралар секілді демалыс түрлерін ұсынады. Демалыс маусымы Алакөлде 21 мамырдан басталып, қыркүйектің соңына дейін жалғасады.

Өскемен қаласымен ара қашықтығы: 610 шақырым. Семеймен ара қашықтығы: 660 шақырым. Біркүндік демалу бағасы орташа есеппен алғанда бір адамға 6000-7000 теңгеден айналады, бұл соманың ішіне үш уақыт ыстық тамағы кіреді. Бағалар демалыс маусымының әр кезеңіне қарай өзгеріп отырады (маусым айында бағалар айтарлықтай төмен).

Жету жолдары: пойыз, ұшақ, автобус, такси және жеке автокөлік.

15 маусымнан бастап Алакөлге «Өскемен-Жалаңашкөл», «Семей-Жалаңашкөл» бағыттары бойынша пойыз жүре бастайды. Билет бағасы: плацкарт - 2800 теңге, купе - 4000 теңге.

Аптасына екі рет «Өскемен-Үржар», «Семей-Үржар» бағытында ұшақ рейстері бар. Билет бағасы: 10 000 теңге.

Күнде «Өскемен-Алакөл», «Семей-Алакөл» бағытында автобустар жүреді. Билет бағасы: 2600-3000 теңге.

Алакөлге дейін таксидің жол ақысы шамамен 40-50 мың теңге болады. Сондай-ақ, Өскемен-Алматы тас жолымен жеке автокөлікпен де шығуға болады.

Тайынты

Шығысқазақстандықтар арасында аса танымал демалыс орындарының бірі. Бұл жерде адамдар жартастар мен қарағайлы таулар, су тұп-тұнық көл, қайыңды, бұталы шоқ орманның ортасында демалады. Ұсынылатын демалыс түрлері: дәмханалар, серуен, суға шомылу, жағажай демалысы, саңырауқұлақ теру, спорт алаңдары. Демалыс орны 2 маусымда ашылады.

Өскеменмен ара қашықтығы:  90 шақырым. Біркүндік демалу бағасы: тәулігіне 4000 теңгеден басталады. Жету жолдары: такси және жеке автокөлік. Таксидің жол ақысы: Өскеменнен 9000 теңгеге жуық. Жеке автокөлікпен Өскемен-Самара тасжолы арқылы шығуға болады.

  

Сібе көлдері

Жаз мезгілінде сұранысқа ие тағы бір демалыс орны. Мұнда демалушыларды тамаша табиғат өзіне баурайды: айнадай жарқыраған көлдері, граниттен тұратын тау сілемдері, шалғын шөбі мен бұталары. Ұсынылатын демалыс түрлері: балаларға арналған ойын алаңдары, пирс, спорт алаңдары. Демалыс орны 4 маусымда ашылады.

Өскеменнен 78 шақырым жерде орналасқан. Біртәуліктік демалу бағасы:  тәулігіне 7000-22000 теңге аралығында. Жету жолдары: такси, жеке автокөлік. Таксидің жол ақысы:  Өскеменнен шамамен 7000-8000 теңге. Жеке автокөлік: Өскемен-Алғабас тасжолы.

Өткен жылы демалыс орнына арнайы автобус қатынады. Рейстің қайта жандануы әзірге белгісіз.


Дұбығалы көлі (Окуньки)

Табиғаты әсем жерлердің бірі: құмды жағажай, жартастар, көл, үңгірлі тас-таулар. Ұсынылатын демалыс түрлері: суға шомылу, дәмханалар, серуен, жағажайда демалу.

Өскеменнен ара қашықтығы: 80 шақырым. Бағасы: тәулігіне 7000 теңгеден басталады. Жету жолдары: такси (Өскеменнен 7000-7500 теңге) және жеке автокөлік (Өскемен-Семей тас жолы).

Бұқтырма

Шығыс Қазақстанда ғана емес, шетелдіктерге де таныс демалыс орны. Базалары 1 маусымда ашылады.

Өскеменннен ара қашықтығы:  76 шақырым. Бағасы:  орташа есеппен бір адамға 5000 теңгеден басталады. Жету жолдары: такси, автобус, пойыз, жеке автокөлік.

Аптасына үш рет «Защита-Зырян» бағытында «Жаңа Бұқтырма» станциясына дейін пойыз жүреді. Жаңа Бұқтырмадан такси немесе паром арқылы демалыс базаларына жетуге болады. Әзірше пойыздың рейске шығу уақыты мен билет бағасы белгісіз.

Сондай-ақ, «Өскемен-Көгілдір бұғаз-Жаңа Бұқтырма-Айна» бағытында күнделікті автобус шығады. Билет бағасы: 1000 теңге (нақты бағасы 1 маусымнан кейін белгілі болады).

Жаңа Бұқтырмаға дейін таксидің бағасы 7000-8000 теңге, ары қарай демалыс базасына дейін әр шақырымға 70-100 теңгеден айналады.