Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 14 адам өрттен көз жұмды
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрттерден 37 адам құтқарылып, 54 адам эвакуацияланды.
Сондай-ақ тілсіз жаудан 14 азамат көз жұмған.
Оның ішінде бесеуі пеш пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан, 8-і отпен абайсыз әрекет етуден, 1 тұрғын электр жабдықтарын қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзудың салдарынан жан тапсырды.
«29 наурыз күні Семейдегі пәтерді қызыл жалын шарпыған. Осының салдарынан иіс тиген 1969 жылғы ер адам қаза болды. Қатты түтін 4-ші қабатты түгел тұмшалап алған. Жиһаз бен тұрмыстық техникаға жайылған өрттің жалпы ауданы 9 шаршы метрді құрады. Өрттің шығуына отпен абайсыз әрекет ету себеп болған» делінген хабарламада.
Осы ретте департамент мамандары облыс тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін еске салады:
- Қосулы электр және газ құралдарын қараусыз қалдырмаңыз;
- Отты абайлап пайдаланыңыз – төсекте жатып, лоджия мен балконда темекі шекпеңіз;
- Зауытта жасалмаған электр сақтандырғышты, жасанды абажур, жарықтандыру шамын пайдаланбаңыз;
- Жертөле мен шатырларда жанғыш заттарды, түрлі тұрмыстық қоқысты, жиһаз бен қағазды сақтамаңыз.
- Қызыл жалын шыққан жағдайда дереу «101» немесе «112» нөміріне хабарласыңыз.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 410-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.