Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 22 автокөлік өртенді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл 22 автокөлік отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір бойынша 22 автокөлік өртенді.
Соңғы оқиға бүгін Өскемендегі Назарбаев даңғылында болды.
«Тоқтап тұрған 1987 жылы шыққан «Фольцваген Гольф» маркалы автокөлікте өрт шыққан. Қозғалтқыш бөлігі мен аспаптар панелі жанып кетті. Сол жерге шұғыл келіп жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды толықтай ауыздықтады. Алдын ала дерек бойынша тілсіз жаудың шығу себебі - қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс істеу», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, облыстық ТЖД қызметкерлері көлігіңіздің өртенуіне жол бермес үшін келесі ережелерді сақтау керектігін ескертті:
- Көліктің техникалық жағдайын мұқият қадағалаңыз.
- Кәсіби мамандарға уақтылы тексертіп отырыңыз.
- Егер көлікті гаражға қойсаңыз, онда тез жанатын заттарды, атап айтқанда жиһазды, киім-кешекті, майды жақын маңға қоймаңыз.