Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 64 көлік өртенді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл 64 көлік отқа оранған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 64 көлік өртенді

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірде 64 көлік өртенді. Бұл жалпы өрт санының 11%-ын құрап отыр. Көп жағдайда жалынның шығуына – өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы себеп болған.

Мәселен, 9 маусымда Жарма ауданы Әуезов кентіндегі тасжолда Volkswagen автокөлігінде өрт шықты. Тілсіз жаудың аумағы 8 шаршы метрді құрады. Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен өрт сөндірушілер жалынды толықтай ауыздықтады.

Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарындағы ақаудан болуы мүмкін.

«Көліктегі өрт өте қауіпті. Себебі, ол білінбей басталады. От шыққаны күйік пен түтін иісі сезілгенде ғана белгілі болады. Жалын үйдегі өртке қарағанда бірнеше есе тез таралады. Сондықтан жүргізушілерге барынша абай болып, көлікті уақтылы тексертіп, сақтық шараларын қаперде ұстау қажеттігін ескертеміз», - дейді құтқарушылар.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО ормандарында сәуірден бері 33 өрт шыққанын хабарлаған едік.