Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 76 дала өрті тіркелді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері 76 дала өрті тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір аумағында 76 дала өрті шықты. Өрттердің көбісі ашық жерде болған. Жалпы ауданы – 1482,8 гектар.
«Облыс бойынша өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғау қызметкерлері, полицейлер, орманшылар және жергілікті атқарушы орган өкілдерінен жалпы саны 270 адамнан тұратын 46 мобильді топ құрылған. Олар үнемі рейд жүргізеді. Соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 39 адам анықталды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.


Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабы бойынша (Қалдықтарды жинап қою немесе жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды сақтамау) 9 адам, 410-бабына сәйкес (Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу немесе орындамау) 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Риддерде спортшы балалар жатқан қонақүйден өрт шыққаны хабарланған болатын.

