Шығыс Қазақстандағы 129 ауылда интернет жылдамдығы баяу – Асхат Оразбек
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы 129 ауылда интернет жылдамдығы баяу. Бұл туралы өңір жұртшылығымен кездескен ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі таңда облыстағы 363 елді мекеннің 129-ында интернет жылдамдығы баяу. Ауылдардың жартысынан көбі 3G байланысымен қамтылған.
«Бұл ауылдардың тұрғындары WhatsApp мессенджерін пайдалана алады. Бірақ ұялы телефонда интернеттің жылдамдығы өте төмен. Облыстағы елді мекендердің 16 пайызы ғана 4G байланысымен қамтылған», - дейді Асхат Оразбек.
Оның айтуынша, 234 елді мекенде сымды интернет жоқ. Осы мәселені шешу үшін бірқатар шара қолға алынбақ.
«ШҚО-ны байланыспен қамту бойынша пилоттық аймаққа айналдырғымыз келеді. Бұл мақсатта қалалар мен ауылдарға бірнеше рет сапар жасадық. «Қолжетімді интернет» жаңа ұлттық бағдарламасы аясында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Облыс әкімдігі де антенна-матчталық құрылғыларды салуға қаржы бөліп отыр», - дейді ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі.