Шығыс Қазақстандағы 13 учаскеде сел жүру қаупі бар
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы 13 учаскеде сел жүру қаупі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша 13 учаскеде сел жүру қаупі бар. Олар Катонқарағай, Зайсан, Алтай аудандары мен Риддер қаласында орналасқан.
«Осы 4 өңірдің аумағындағы биік тауларда 11 елді мекенге қауіп төндіретін 144 мұздықты көл қалыптасады. Мамандар қауіпсіздік мақсатында көлдер мұздан әлі ашылмаған сәттен бастап сел қаупі бар жағдайды бақылау үшін аэровизуалды тексеру жүргізуде», - делінген ақпаратта.
Облыста 9 учаскеде көшкін қаупі бар. Бұл негізінен автожолдарда, өзен бассейндерінде, Риддер қаласындағы Громотуха, Үбе, Алтай ауданындағы Бұқтырма, Хамир, Черновая, Катонқарағай ауданындағы Бұқтырма, Зайсан ауданындағы Кендірлік жағалық еңістер мен таулардың кесінділерінде.
Осы уақытқа дейін көшкін қаупі бар жерлерге 54, сел қаупі бар учаскелерге 80 рет жерүсті тексеру жүргізілген.