Шығыс Қазақстандағы 17 ауылға мал қорымы салынбақ

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары 2021-2023 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бүгін облыстық мәслихаттың кезекті төртінші сессиясы барысында өңір депутаттары өткен жылғы өңір бюджетінің атқарылуы туралы есепті бекітті. Сондай-ақ 2021-2023 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.

Сессияда баяндама жасаған ШҚО қаржы басқармасының басшысы Думан Рахметқалиев аймақта тұрақты экономикалық өсімнің оң қарқыны сақталғанын, әлеуметтік сала мекемелерін қаржыландыру, әлеуметтік маңызды нысандарды салу және күрделі жөндеу жұмыстары басым бағыт болып қала беретінін атап өтті.

«Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 686,3 млрд теңгені құраған. Құрылыс жұмыстарына 359,2 млрд теңге жұмсалды. Былтыр жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады», - деді ол.


ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақованың айтуынша, қаражатты қайта бөлу Курчатов қаласындағы қазандықты жөндеуге, Тарбағатай ауданының Ақсуат және Ақжар ауылдарындағы шағын футбол және стрит-уоркаут алаңдары құрылысына қарастырылған. Ұлан ауданындағы балабақшаның жылу желілерін және Р.Мәрсеков атындағы орта мектеп ғимаратын жөндеуге де ақша бөлінеді.

«Бұдан бөлек, екі елді мекенде, атап айтқанда Глубокое ауданының Белоусовка және Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылын «Шығыс - адалдық алаңы« жобасы аясында «Ашық әкімдік« форматында халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшіру мақсатында қосымша қаражат жұмылдырылады. Қазіргі уақытта 17 ауылда мал қорымын салуға ЖСҚ әзірленуде, оларға да қаражат бөлінеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар