Шығыс Қазақстандағы 9 учаскеде лай көшкіні жүру қаупі бар
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Қазселденқорғау» облыстық филиалының мамандары сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Жақында Риддер қаласының Белая Уба өзені бассейнінің жоғарғы сағасындағы көлдерге батиметриялық зерттеу жүргізілді.
«Мұздық көлдердің көлемі мен тереңдігі өлшенді. Нәтижесінде мамандар қазіргі уақытта көлдер қауіп төндірмейді деген қорытындыға келді. Аталған учаскеде 12 көл бар. Оның ішінде елді мекендерге жақын орналасқан үшеуі зерттелді. Бұл мұздық көлдер теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан», - делінген ақпаратта.
Мұздық көл қабырғасының жарылуы жойқын сел тасқынына әкеліп соғуы мүмкін. Қазіргі уақытта селге қарсы алдын алу іс-шараларын жүргізудің қажеттілігі туындап отырған жоқ. Шығыс Қазақстан облысының тауларында жыл сайын барлығы 13 елді мекенге қауіп төндіретін 144 мұздық көл пайда болады.
«Көлдердің басым бөлігі Зайсан, Катонқарағай, Алтай және Риддер аудандарында. Бүгінгі күні өңір бойынша жағдай тұрақты. Сел қаупі бар кезең қыркүйектің алғашқы күндерінде аяқталады», - деп атап өтті «Қазселденқорғау» ШҚОФ басшысы Омар Дүзгімбаев.
Сел қаупі бар кезең басталғалы бері барлығы 216 рет жерүсті тексеру жүргізілген. Облыстағы 9 учаскеде лай көшкіні жүру қаупі бар. Бұл негізінен тасжолдарда, өзен бассейндерінде орналасқан учаскелер.
Сел және лай көшкіні жүру қаупі бар учаскелерде 44 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды. Жергілікті атқарушы органдарға, кәсіпорын басшыларына және үйлері қауіпті учаскелерде орналасқан азаматтарға 101 ұсыным-хабарлама жіберілген.